Агенттік мемлекетте орын алған қаңтар оқиғалары бүтіндей алғанда экономика өсімінің траекториясына аса ықпал ете қоймағанын атап өтті. 2022 жылы ЖІӨ өсімі 3,9% деңгейін құрайды деп болжанған. Агенттіктің пікірінше, ОПЕК+ келісіміне сәйкес мұнайды өндірудің жоспарлы артуы, табиғи ресурстарға қатысты әлемдік сұраныстың өсуі, ірі энергетикалық жобаларға жасалатын инвестициялар, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірісі көлемдерінің қалпына келуі қазақстандық экономиканың өсіміне қолдау көрсететін болады.
Кредит рейтингінің сақталуына септігін тигізетін басты фактор – мемлекеттің ауқымды сыртқы резервтері болып қалуда.
Fitch Ratings бағалауы бойынша 2021 жылдың соңында халықаралық резервтер ЖІӨ-нің 46%-ын құраған. Бұл кредит рейтингі Қазақстанмен салыстыруға келетін мемлекеттер тобы бойынша медианалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Дегенмен кредит рейтингі деңгейлес мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанның шикізаттық тауарларға тәуелділігі, инфляция деңгейінің жоғарылығы мен экономикалық саясат бағдарламасының жеткілікті шыңдалмағандығы туралы қорытынды берілді. Fitch Ratings аналитиктерінің болжамына сәйкес 2022 жылдың соңына қарай инфляция деңгейі 7%-ды құрайды және 2023 жылдың қорытындысы бойынша нысаналы дәліз шегіне қайтады. Агенттік инфляцияны төмендету басты міндет екенін атап өтті және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған едәуір кеңейтілген жоспармен қатар инфляцияны тұрақтандыру бойынша қабылданған жедел экономикалық шараларға ерекше назар аударды.
Сондай-ақ Fitch Ratings банк секторындағы реттеу және қадағалау тәжірибесінің жақсарғанына баса назар аударып, оның көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті. Банк секторының көрсеткіштері де жақсаруда: жұмыс істемейтін кредиттер деңгейі осыған дейінгі ең төмен көрсеткішке – 3,3% жетті, капитал мен өтімділіктің жеткіліктілігі қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар кредит рейтингі бойынша деңгейлес мемлекеттер тобымен салыстырғанда депозиттер долларизациясының жоғары деңгейі мен кредиттеудің, соның ішінде ипотекалық кредиттеудің қарқынды өсімі сақталуда.
Fitch Ratings пікіріне сәйкес, кредит рейтингінің динамикасы саяси және әлеуметтік даму, мемлекеттік басқаруды жетілдіру мен экономикалық саясаттың бағыттарына байланысты болады.