Қазақстан Ұлттық банкі "Астана" халықаралық қаржы орталығының базасында криптоқор құруға қатысты көптеп түсіп жатқан сұрақтарға байланысты, мемлекеттік крипторезерв құру жұмыстары Ұлттық инвестициялық корпорацияның базасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл крипторезерв Ұлттық банктің басқаруындағы Қазақстанның дербес резервтерінің құрамдас бөлігіне айналады.
Alem Crypto Fund криптоқоры Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен құрылғанымен, мемлекеттік қорға жатпайды. Мұндай криптоқорлар нарықтық юрисдикцияда, соның ішінде "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңында құрылуы мүмкін, алайда оларға мемлекеттік резервтерді басқаруға құқық берілмейді.
Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық тәжірибеге сәйкес, Ұлттық банк елдің барлық ұлттық резервтері – Ұлттық қорды, алтын-валюта резервтерін, зейнетақы активтерін және басқа да мемлекет қаражатын басқарады.
Ұлттық банкте осыған қажет инфрақұрылымның бәрі бар және кәсіби инвестициялық менеджерлер командасы жұмыс істейді. Мұндай тәсіл тәуекел-менеджмент пен инвестицияны басқару ісіндегі бірыңғай стандартты, сондай-ақ цифрлық активтерді сақтаудың сенімді инфрақұрылымын құруға мүмкіндік береді. Ұлттық банк стратегиялық крипторезервті жинақтау үшін Мемлекеттік цифрлық активтер қорын (МЦАҚ) құру бойынша кезең-кезеңімен жұмыс жүргізіп жатыр.
"Қазір МЦАҚ Концепциясы әзірленіп қойды, ол қордың негізгі мақсаты мен міндеттерін және оны құру мен басқару тетіктерін айқындайды. Сонымен қатар операциялық және техникалық инфрақұрылым құру жұмыстары қатар жүріп жатыр. Қорды "Қазақстан Ұлттық банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы" АҚ басқарады. Бұл ұйымның балама инвестиция құралдарын басқару саласында өзіндік тәжірибесі бар. Дайындық жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталып, мемлекеттік цифрлық активтер қоры келер жылдың басында іске қосылады деп жоспарланып отыр", – деп хабарлады Ұлттық банк өкілдері.