Ұлттық банк: Мамырда іскерлік белсенділік индексі біршама төмендеді

670

ҚР ҰБ ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин мамыр айындағы іскерлік белсенділік индексі туралы мәлімет берді, деп хабарлайды inbusiness.kz бас банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық банк: Мамырда іскерлік белсенділік индексі біршама төмендеді

Маманның сөзіне сүйенсек, мамырда іскерлік белсенділік индексі 49,0 (сәуірде – 49,5) болып, біршама төмендеген. Дегенмен көрсеткіш "геосаяси жағдайдың және онымен байланысты салдардың ықпалында болған наурыздағы деңгейден (48,2)" жоғары.

"Іскерлік белсенділіктің өсуі өндіріс секторында байқалды. Индекс 50,9-ға дейін көтерілді (сәуірде – 50,5). Қызмет көрсету секторында және тау-кен өндіру өнеркәсібінде іскерлік белсенділік, тиісінше, 48,8-ге және 48,3-ке дейін төмендеді. Құрылыста индекс 44,6-дан 46,2-ге дейін көтерілді", – дейді Рүстем Оразалин.

Айта кетсек, барлық секторда жеткізілім мерзімдері ұзарған. Құрылыста жұмыспен қамту жағдайы аздап жақсарған, бірақ тапсырыс көлемі төмен деңгейде қалып отыр.

"2022 жылғы мамырда кәсіпорындардың ағымдағы бизнес-жағдайларды бағалауы өзгеріссіз қалды. Теріс өзгерістерді атап өткен респонденттер саны бұрынғысынша басым. Алайда кәсіпорындардың болашақ бизнес-жағдайларына қатысты сенімі айтарлықтай жақсарды (келешек жағдайларды бағалау биылғы сәуірдегі 7,3-тен 22,5-ке дейін ұлғайды). Нәтижесінде, ағымдағы және болашақ бизнес-жағдайларды орташа бағалауды білдіретін бизнес-ахуал индексі бизнесті жүргізудің болашақ жағдайларына қатысты, әсіресе, құрылыс саласындағы кәсіпорындарда оптимизмді жақсарту есебінен 9,2 (сәуірде – 2,2) құрап, айтарлықтай жақсарды", – деді департамент директоры.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу