Елорда тұрғыны тарапынан "Сарыарқа" ауданының полиция бөліміне сағат 11.50-де белгісіз біреудің өзін экономикалық қылмыс бойынша "Ұлттық банк" қызметкерімін деп таныстырып, 3 млн 455 мың теңгесін қолды еткенін айтып шағымданған.
Күдікті жәбірленушіге оның жинақтарын қауіпсіз сақтау мақсатында Бейбітшілік көшесіндегі "Центр Кредит" банкіне ақша аудару керектігін түсіндірген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр.
Биыл осындай әрекеттен елорданың 180-нен астам тұрғыны опық жеген. Жалпы материалдық шығын 150 млн теңгеден асады. Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу жүргізілуде. Көршілес елдердің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жүргізілуде, себебі қылмыс іздері шетелден бастау алады деген болжам бар.
"Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ескертеді! Егер сізге осындай қоңырау түссе, ешқандай жағдайда деректеріңізді бермеңіз, бұл алаяқтар! Әңгімені үзіп, банктің колл-орталығының ресми телефондары бойынша барлық ақпаратты нақтылаңыз. Банк қызметкерлері ешқашан қоңырау шалмайды және дербес деректерді жинамайды! Есептік жазбаның құпия сөздерін және банк карталарының пин-кодтарын мезгілімен өзгертіп отырыңыз", – делінген полицияның хабарламасында.