24 шілдеде "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" сериясынан TEMIRBEK JÚRGENOV.125 JYL коллекциялық монеталары айналымға шығады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ұлттық банкке сілтеме жасап.
Монета Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай шығарылады. Т. Жүргенов – Қазақстанның тұңғыш ағарту министрі. Оның атсалысуымен 1934 жылы Қазақстанда бүкіл Орталық Азия мен Қазақстанның алты ірі жоғары оқу орнының құрылысы бір мезетте бастау алды.
TEMIRBEK JÚRGENOV.125 JYL монетасы МН 25 мельхиор қоспасынан дайындалған. Массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 100 теңге, таралымы – 10 мың дана.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.