Ұлттық Банк: Теңге бағамы 0,5%-ға нығайды

550

Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова валюта нарығындағы операциялар бойынша мәліметтерге және теңге бағамына әсер еткен факторларға тоқталды.  

Ұлттық Банк: Теңге бағамы 0,5%-ға нығайды Фото: BAQ.KZ

Қаңтар айының қорытындысы бойынша ұлттық валюта бағамы 1 АҚШ доллары үшін 0,5%-ға нығайды, деп жазады inbusiness.kz  Ұлттық Банкке сілтеме жасап.

"Бүгінгі таңда валюта нарығы орташа құбылмалылық жағдайында жұмыс істеп жатқанын, нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың теңескенін көріп отырмыз. Валюталық интервенцияларды жүргізу қажеттілігі туындаған жоқ. Айдың қорытындысы бойынша ұлттық валюта бағамы 1 АҚШ доллары үшін 460,52 теңгеге дейін 0,5%-ға нығайды", - деді Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Оның сөзінше, қаңтар айында квазимемлекеттік сектор субъектілерін сату 453 млн АҚШ долларын құраған.

"Валюта нарығындағы теңгерімділіктің жақсаруына байланысты, сондай-ақ КМС субъектілеріне валюта ағындарын басқару кезінде үлкен мүмкіндіктер беру мақсатында Ұлттық Банктің ұсынысы бойынша Үкімет валюта түсімін міндетті сату үлесін 75%-дан 50%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету мақсатында 228 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Сату бұрынғыдай біркелкі және тұрақты негізде жүзеге асырылды. Күнделікті сату көлемі 12 миллион АҚШ долларынан аспады.

Бұған дейін зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру туралы БЖЗҚ-ның жоспары туралы айтқан болатынмын. Осы мақсатта қаңтарда шамамен 120 млн АҚШ доллары сатып алынды", - деді Әлия Молдабекова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу