Ұлттық Банк теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасына қатысты сұрақтарға жауап берді

1184

2022 жылдың ақпан айында Ұлттық Банк пен ҚР Үкіметі теңгелік салымдарды қорғауға бағытталған бағдарлама жариялады.

Ұлттық Банк теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасына қатысты сұрақтарға жауап берді

​Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен мәлімдемесіне сәйкес, теңге депозиттеріне банк төлейтін пайыздық мөлшерлемеден тыс, мемлекеттен салым сомасының 10%-ы көлемінде біржолғы сыйақы (өтемақы) есептеледі. Бағдарламаны әзірлеушілердің мұндағы мақсаты – қазақстандық салымшыларға қолдау көрсету және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Бағдарламаның шарты тиісті нормативтік-құқықтық актіде көрсетіледі. Акт жобасы әзірленіп, екініші деңгейлі банктермен талқыланды. Келісім орнатып, әрі қарай бекіту үшін Үкіметке жолданды. Жоба Үкіметпен бекітілгеннен кейін бағдарламаның қорытынды шарттары жарияланады.

Алайда, бұған қарамастан, Ұлттық Банк қазірдің өзінде бағдарлама төңірегінде туындайтын сұрақтарға жауап беруге дайын.

Депозит сомасының 10%-ы көлемінде біржолғы сыйақы алушылар туралы 

  1. Теңге депозиті бойынша 10% өтемақы алуға кімдер құқылы?

Салым сомасының 10%-ы көлемінде өтемақы (мемлекеттен біржолғы сыйақы) алуға қазақстандық банктің әр салымшысы, яғни, жеке тұлғалардың да, сол сияқты жеке кәсіпкерлердің де құқығы бар.

Өтемақы 2022 жылдың 23 ақпанынан кешіктірілмей (яғни бірлескен мәлімдеме жарияланған 2022 жылғы 24 ақпанның басында) ашылған және осы мерзімге қалдық сомасы болған теңгелік салымдар бойынша төленеді.

2022 жылдың 23 ақпанынан бастап келесі 12 айда, яғни 2023 жылдың 24 ақпанына дейін депозитті банкте сақтау – өтемақы төлеу үшін міндетті талап.

  1. Қандай салымдар бойынша өтемақы алуға болады?

Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы кең таралған барлық салымға қолданылады.

Олар:

  • жинақ салымдары;
  • Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жіктемесіндегі мерзімді, сондай-ақ мерзімсіз салымдар;
  • "Отбасы" банктегі салымдар, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясындағы салымдар (AQYL депозиттері).
  1. Ақша қашан төлене бастайды?

Біржолғы сыйақы 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін есептеледі, ал төлем жүргізу кезеңі туралы тиісті НҚА жарияланғаннан кейін ғана белгілі болады.

Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен мәлімдемесіне сәйкес, 10% өтемақы бюджет қаражатынан төленеді.

  1. Өтемақы алу үшін өтініш беру қажет пе?

Теңгелік депозиттерді қорғау бағдарламасы өтініш беру сипатында болуы мүмкін, яғни салымшылар банкке жазбаша нұсқада немесе онлайн-сервистер арқылы өтініш беруі қажет.

Алайда, бұл бойынша қорытынды шарттар, оның ішінде бағдарлама өтінім беру сипатында бола ма немесе өтемақы барлық салымшыға әдепкі қалпы бойынша есептеле ме, ол туралы НҚА жобасы бекітілгеннен кейін ғана белгілі болады. Ол үшін ресми ресурстарда жарияланатын жаңалықтарды бақылап отыруға кеңес береміз.

Қазіргі уақытта өтініштер қабылданбайды.

  1. Төлем картасындағы ірі сомаға 10% өтемақы есептелуі мүмкін бе?

Теңгелік депозиттерді қорғау бағдарламасы төлем карталарында сақталатын ақшаға, сол сияқты ағымдағы шоттарға да қолданылмайды.

  1. Тағы қандай ерекшеліктер бар?

Төлем карталарынан басқа, банк депозиттерінің жинақтауға және көбейтуге емес, есеп айырысу жүргізуге арналған кейбір түрлері үшін де мұндай өтемақы төленбейді. Бұл, негізінен, сыйақы төлеу қарастырылмаған немесе ең төменгі пайыздық мөлшерлемені көздейтін салымдар, атап айтқанда:

  • шартты депозиттер;
  • талап етілгенге дейінгі депозиттер (әдетте, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 0,1%-дан аспайтын мерзімсіз салымдар).

Өтемақы сомасы туралы

  1. Мемлекеттен төленетін өтемақы мөлшері шектеулі ме?

Өтемақы сомасы тек 20 миллион теңгеден асатын ірі салымдар үшін ғана шектеулі. Сыйақының ең жоғарғы сомасы 2 млн теңгені құрайды, яғни 20 миллион теңгенің 10%-ы мөлшерінде.

  1. Банктік пайыздық сыйақы қалай болады?

Теңгелік депозиттер бойынша өтемақы – бұл депозит сомасының 10%-ы мөлшеріндегі біржолғы сыйақы. Бұл төлем банктік салым шартында айқындалған депозит бойынша жүргізілетін сыйақыға жатпайды.

2022 жылғы 23 ақпаннан 2023 жылғы 24 ақпанға дейін депозиттерді шешіп алу және толықтыру туралы

  1. Егер салымшы депозитті 12 ай ішінде толықтырған болса, өтемақы қалай есептеледі?

Егер салымшы депозитті толықтырған болса және ақшаны шешіп алмаған болса, онда сыйақы 2022 жылғы 23 ақпанның соңындағы қалдық сомаға есептеледі. Естеріңізге саламыз, 20 млн теңгеден асатын ірі көлемдегі салымдар бойынша 10% сыйақы тек 20 млн теңгеге ғана есептеледі.

  1. Егер депозитті толықтыру және ішінара мерзімінен бұрын шешіп алу жүргізілген болса, өтемақы мөлшері қалай есептеледі?

Егер салымшы ақшаны депозиттен ішінара шешіп алған болса, онда төленетін өтемақы барлық алынғанды және толықтыруларды ескере отырып, 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезең үшін депозиттегі ақша қалдығының ең төменгі сомасының 10%-ын құрайды. Тағы естеріңізге саламыз, депозиттің 20 млн теңге көлеміндегі максималды сомасы ғана ескеріледі.

  1. Егер депозит 2022 жылғы 23 ақпаннан 2023 жылғы 24 ақпанға дейінгі аралықта жабылған болса, өтемақы төлене ме?

Егер салымшы 12 ай өткенге дейін депозитті толық шешіп алса, өтемақы төленбейді. Мерзімін созу объективті түрде мүмкін емес депозиттер бойынша сыйақыларды есептеу шарттары әлі нақтыланып жатыр.

Шарттардың мерзімін ұзарту және оның аяқталуы туралы

  1. Егер депозит мерзімі 2022 жылдың 23 ақпаны мен 2023 жылдың 23 ақпанын қоса алғандағы кезеңде аяқталса, салымшы өтемақыға үміттене ала ма?

Егер депозиттің аяқталу күні 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанды қоса алғандағы кезеңге сәйкес келетін болса, онда бағдарламаның талаптарына сәйкес болу үшін салым ұзартылуға тиіс. Әдетте, банктер автоматты түрде өз клиенттерінің салымдарын ұзартады. Қысқа мерзімді (мысалы, 3-6 ай) салымдар үшін мұндай автоматты ұзартулар бірнеше рет жүргізілуі мүмкін. Демек, салым шартының жаңа аяқталу күні 2023 жылғы 23 ақпаннан кейінгі кез келген күнге түсуге тиіс.

  1. Депозитті қандай мөлшерлемемен ұзартқан дұрыс?

Іс жүзінде салымдардың мерзімін ұзарту банкте сол депозит өнімі бойынша дәл сол уақытта қолданыста болатын мөлшерлеме бойынша жүргізіледі. Банктер салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемесін, әдетте, ҚДКБҚ депозиттер бойынша ұсынатын сыйақы мөлшерлемелеріне бағдарлап (көтермей), ішкі депозиттік саясатқа сүйеніп, өз бетінше белгілейді.

  1. Банктік салым шарты талаптарының сақталуына қатысты банкке кінәрат-талап болса, қайда жүгінуге болады?

Егер банкпен арада келіспеушіліктер туындаса, салымшылар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы қызметін пайдаланушылар құқығын қорғау департаментіне жүгіне алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу