Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себебін айтты

325

Соңғы уақытта ішкі және сыртқы факторлардың жиынтығы теңгенің әлсіреуіне себеп болды.

Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себебін айтты Фото: inbusiness.kz

Валюта нарығындағы жағдайға байланысты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Сыртқы сектордағы жағдай әлі де күрделі болып отыр. Бұл жоғары құбылмалылық пен жаһандық экономикалық тәуекелдердің сақталуымен байланысты. АҚШ доллары дамыған және дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығаюын жалғастырды. DXY индексі қыркүйек айынан бері 5,5%-ға артып, 106,2 тармаққа дейін жетті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,1%-ға төмендеді", – деді ол.

Мұнай нарығында да пессимистік көңіл-күй байқалып отыр. Бұл әлемдік сұраныстың баяу қалпына келуі мен ОПЕК+ тарапынан ұсыныстың өсуі күтілуіне байланысты. Соның салдарынан мұнай бағасы барреліне 71-72 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендеді.

Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы және валюта нарығында, оның ішінде квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың шектелуі байқалады.

Шетел валютасына сұраныстың өсуі жалпы экономикалық белсенділіктің, оның ішінде сыртқы экономикалық белсенділіктің артуына байланысты. Сондай-ақ, оған бюджет шығыстарының артуы мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға шығындарының ұлғаюы сеп болып отыр. Осы фактордың барлығы жиынтығында импорттың өсуіне, сәйкесінше, шетел валютасына сұраныстың артуына ықпал етеді.

"Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізіп, инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына алып келеді. Осыған байланысты валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Үкіметтің тиісті қаулысы мен Ұлттық банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданады", – деді Әлия Молдабекова.

Бұған дейін бұл талап 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болған, алайда макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді. Сонымен бірге, бұл талап шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу