Қазақстан Ұлттық банкі ҚҰБ басқармасының кезекті отырысында ақша және валюта нарығындағы жағдай туралы баяндама қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2024 жылдың төртінші тоқсанында Ұлттық қорды сенімгерлік басқару нәтижелері туралы есеп бекітілді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 58,8 млрд АҚШ долларын құрады. Жылдық инвестициялық табыс 4,6 млрд АҚШ доллары немесе 7,6% болды. Қор құрылғалы жинақталған кірістілік – 128% немесе жылдық мәнде 3,55%.
"Ұлттық банк басқармасы валюталық реттеу мәселелері бойынша бірқатар нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар да енгізді. Банктердің валюталық операциялар бойынша есеп беру мерзімі қысқартылып, валюталық заңнама талаптарынан жалтару үшін жасалуы мүмкін және қаржы мониторингіне жататын операциялар тізімі кеңейтілді", – делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Сонымен қатар, басқарма шешімімен ақша айырбастау пунктері арқылы жүргізілетін операциялар үшін қолма-қол шетел валютасын сатып алу және сату бағамдарының айырмашылығы шектелді: АҚШ долларына – 7 теңге, еуроға – 10 теңге.
Бұған қоса, жиында төлем жүйелері және Ұлттық банктің өзге де қызметіне қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданды.