Ұлттық банк TILASHAR коллекциялық монеталарын айналымға шығарады. Оны төлемге қолдануға болады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Номиналы 500 теңгелік монета – күмістен, ал 100 теңгелік монета мельхиор немесе нейзильберден жасалған.
"Тілашар – әр отбасының өміріндегі ерекше оқиға. Бұрын әдет-ғұрып бала алғашқы сөздерін айтқанда атқарылатын. Бүгінгі таңда білім алу жолындағы алғашқы қадамды білдіреді", – деп жазылған баспасөз ақпарында.
Монеталардың басты бетінінің (аверсінде) орталық бөлігінде, ою-өрнек аясында – елтаңба, айналдыра – QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деген жазу бар. Төменгі жағында монетаның номиналын білдіретін жазу орналасқан.
Монеталардың екінші бетінде (реверсінде) мектеп атрибуты элементтері бар балалар суреттерінің бейнелері, монетаның металын, сынамасын және массасын білдіретін, соғылған жылы көрсетілген жазу орналасқан. Күмістен, мельхиор қоспасынан және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың бет жағы мен сырт жағының бейнелері бірдей. Күмістен жасалған монеталар түрлі-түсті эмаль жағу технологиясын қолдана отырып жасалған, мельхиордан жасалған монеталарда интерференциялық құбылмалы бет қабатын жағу технологиясы қолданылған.
"Олардың белгіленген құны бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және Қазақстан Республикасының барлық банктерінде аудару, ұсақтау және айырбастау үшін қабылдануға жатады", – деп жазады Ұлттық банк.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады.