"2022 жылдың желтоқсан айында айлық инфляция 1,2%-ға дейін баяулағанына қарамастан, соңғы 5 жылдағы айлық орташа көрсеткіш 0,7%-дан айтарлықтай асып түсті. Жылдық мәнде инфляция 20,3%-ға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3%-ға жетті. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ал азық-түлікке жатпайтын инфляция 19,4%-ға дейін өсті. Импорттың жоғары үлесі бар тауарларға, оның ішінде жеке пайдаланатын тауарларға, тұрмыстық химияға, құрылыс материалдарына, дәрі-дәрмекке баға жылдам өскен.
"Әкімшілік реттеу себебінен жанар-жағармай мен 2021 жылғы жоғары база есебінен автокөлік бағасының өсу қарқыны баяулады. Желтоқсан айында ақылы қызметтердің инфляциясы 14,1% деңгейінде сақталды. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтердің құны өсу тұрғысынан баяулады. Халықтың инфляциялық күтулері жоғары деңгейді көрсетіп отыр. Былтыр желтоқсан айында халық күткен инфляцияның медианалық бағасы 21,3%-ға дейін өсті", – деді Пірматов.
Еске сала кетсек, азық-түлік бойынша бағаның жоғарылауына, инфляцияға қатысты халық күтулерінің жоғары болуына байланысты 2022 жылғы 5 желтоқсанда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін көтерді.