Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жиналған қаражат Ұлттық банкте жатыр. Арнайы ашылған шотқа бүгінде 741 млрд теңге салынған. Бұл туралы Ұлттық банк "Атамекен бизнес" арнасының сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бірақ қаржы институты ақшаның жиналуы мен жұмсалуына жауапты емес. Тек қызмет көрсетіп, тапсырмаларын орындайды. Шот қордың өзіне тиесілі және қаражатты да дербес басқарады.
"Қор активтерін сенімгерлік басқарудың тиісті шарты 2017 жылдың тамыз айында жасалды. 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, қор активтерінің көлемі шамамен 741 млрд теңге болды. Екінші деңгейдегі банктердің қаржы құралдары Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы қор активтерінің инвестициялық портфелінде жоқ", - делінген ҚР Ұлттық банкі жауабында.
Бұған дейін Жоғары аудит палатасы қорда тексеру жүргізетінін мәлімдеген. Соның ішінде жиналған қаражат депозитке салынды ма, жоқ па, назарға алынады,- деді. Себебі заң талаптары бойынша ақшаны екінші деңгейлі банктерге салуға рұқсат жоқ. Аудиторлік іс-шара қордың өзінде, сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан 20 өңірлік филиалында жүргізіледі. Тексеріс жыл аяғында басталады.