ҚР Ұлттық банкі 2017 жылғы 31 қаңтарда номиналы 100 теңгелік, "рroоf" сапалы күмістен ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдығына арналған ескерткіш күміс монеталарды айналысқа шығарады.
Монетаның бет жағында (аверсінде) төменгі бөлігінде стадионның стильдендірілген бейнесінің қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы, монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін "Ag 925 31,1 g" деген жазу және соғылған жылын білдіретін "2017" деген сан бейнеленген. Сол жақ бөлігінде монетаның номиналын білдіретін "100 ТЕҢГЕ" деген жазу, жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде "ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ" деген ойыңқы жазу бар.
Монетаның сырт жағында (реверсінде) Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетінің эмблемасы және "25 YEARS" жазуы бейнеленген. Бояуы тампомөр технологиясы арқылы берілген.
Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерлі. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген.
Қыры (гурты) бедерлі.
Монета 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1±0,31 г, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – "proof", таралымы – 1 мың дана.
Номиналдық құны 100 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Монетаның дизайны Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетінің жаңа институциялық эмблемасын пайдалана отырып Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
"Proof" сапасымен жасалған ескерткіш күміс монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.Монеталардың бүкіл таралымын Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті сатып алады.