Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері 30,6 миллиард долларды құрады

1159

 Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері 30,6 миллиард долларды құрады

2018 жылғы 6 ай ішінде Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері алдын ала деректер бойынша, 30,6 млрд АҚШ доллары болды. Елдің халықаралық резервтері 88,7 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев айтты, деп жазады бас банктің баспасөз қызметі.
Ол ақша нарығында артық өтімділік сақталып отырғанын, ол басым түрде ноттарды шығарумен алынатынын атап өтті. 2018 жылғы 5 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Ұлттық банкінің өтімділікті таза алуы 3,2 трлн теңге болды. Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі 3,7 трлн теңге болды. Маусымда ноттар бойынша кірістілік, мерзімділігіне қарай, 8,11% - 8,29% ауқымында қалыптасты.
Оның айтуынша, тікелей РЕПО операциялары бойынша ҚРҰБ-ның ашық позицияларының көлемі 198 млрд теңге, кері РЕПО 183 млрд теңге, Ұлттық банктегі банк депозиттерінің көлемі 361,5 млрд теңге болды. 2018 жылғы 5 шілдедегі қорытынды бойынша TONIA мөлшерлемесі 8,01% болды.
"Кредит нарығының қалпына келуі жалғасуда. Қаңтар-мамырда жаңа кредиттер беру өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24%-ға немесе 915 млрд теңгеге артты. Кәсіпорындардың теңгедегі кредиттері бойынша орташа мөлшерлеме 2017 жылғы желтоқсандағы 13,2%-дан 2018 жылғы мамырда 12,5%-ға дейін төмендеді", - деп атап өтті Данияр Ақышев.
"Жалпы алғанда, ақша-кредит талаптары бейтарап деңгейде. Орнықсыз сыртқы факторлар мен проинфляциялық тәуекелдердің іске асырылу ықтималдығы аясында инфляциялық күтулерді басқару мәселесі өзекті болып қалуда. Осы орайда, ақша-кредит талаптары сипатының неғұрлым қатаң сипатқа өзгеруі жоққа шығарылмайды", - деді Д. Ақышев.
Сөз соңында, ол соңғы екі жылда ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде операциялық бағдар болып табылатын TONIA индикаторының базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізінің төменгі шегіне жақын тұрғанын атап өтті. Бұл банк секторындағы құрылымдық өтімділіктің артық болуына және айтарлықтай кең дәлізге байланысты.

"Қазіргі уақытта Қазақстан Ұлттық банкі екінші жартыжылдықта дәліздің шекараларын біртіндеп тарылту мүмкіндігін зерделеуде. Бұл ақша нарығында пайыздық мөлшерлемелердің басқарылу деңгейін, сол секілді ақша-кредит саясаты құралдарының операциялық тиімділігін де арттырады", - деп қорытындылады Данияр Ақышев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу