Ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті - депутат

412

Елімізде әлі күнге дейін бизнес пен жер байлығын игеруде монополия бар екені анық.   

Ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті - депутат Фото: parlam.kz

Оған дәлел, еліміздің негізгі экономикалық көрсеткіштері 10 компанияның еншісінде, ал ірі салық төлейтіндердің саны одан да аз. Бұл туралы Мәжілістің 14 ақпан күнгі жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына "Экономикаға жаңа импульс беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен терең әріптестік орнатуы қажет" деп атап өтті. Бұл - өте маңызды. Себебі, ұлттық бизнес жеке-дара адамдардың қолында емес, жаппай халықтың игілігінде болуға тиіс. Адал әрі әділетті ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті. Бұл мемлекеттік саясатқа айналуы керек! Ескі Қазақстан тұсында, ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласын эксплуатация жасап, мемлекеттің автожол, теміржол, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болып отырды. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен "мүмкіндіктер теңсіздігіне" ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек!", - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай құбылыс еліміздің экономикалық тыныс-тіршілігіне үлес қосып, кәсіпкерліктпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматтарға өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік бермейді. Қазақстан азаматтарының экономикалық белсенділігін арттыру үшін бизнесті жаңадан ашқан тұлғаларға арзандатылған несие, жер игеруге жеңілдік, өндірістік технологияларға қолжетімділік жүйесін жасау маңызды. Сондай-ақ, еліміздегі 300 мыңға жуық жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтасыз етуші 2 миллионнан астам азаматтың басым көпшілігін бизнес кеңістігіне тартқан дұрыс.

"Ол үшін олигархияның экономикалық тамырына балта шауып, Қазақстанда әділ әрі адал кәсіпкерлік жаппай құбылыс болуы керек. Өткен жүйеден мұра болып қалған олигархтардың экономикалық мүддесін қорғауды тыйып, оларға лобби жасаушы топтарға тоқтау салу қажет. Ірі тендерлердің әділетті, ашық, жаңа буынды бизнесмендердің потенциалын арттыруға бағыттап, халықта жаппай бизнес дағды қалыптастыру үшін мемлекет саясатын бұрып, аудандық, облыстық деңгейде тегін бизнес дағды үйрету курстарын ашқан жөн", - деді депутат Ерлан Саиров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу