Қазақстанда Ұлттық домбыра күніне орай барлық өңірде 2 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған 2 миллионнан астам адам қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, мерекелік бағдарлама аясында 100-ден астам ірі жоба өткізілді. Оның ішінде 30-дан астам концерт, 10-ға жуық күйшілер мен домбырашылар байқауы, 5 фестиваль, домбырашылар шеруі, көрмелер, конференциялар және шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды.
Астанада 10 мыңға жуық оқушы күй орындап, республикалық мәдени эстафетаға бастау берді. Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерттерін 2 мыңнан астам көрермен тамашаласа, Арбаттағы мерекелік кешке 3 мыңнан астам адам жиналды. Ал Ақтөбеде 1500 домбырашы бір мезетте күй орындады.
Сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан және өзге өңірлерде республикалық байқаулар, ғылыми конференциялар, флешмобтар мен концерттер өтті. Музейлер мен кітапханаларда домбыра тарихы мен күй өнеріне арналған көрмелер мен танымдық шаралар ұйымдастырылды.
Өңірлерде республикалық күйшілер байқаулары, концерттер мен флешмобтар өтті. Қарағандыда 300 домбырашы қатысқан флешмоб ұйымдастырылса, Қостанай облысында 1000 домбырашы мен 26 қобызшы өнер көрсетті. Сонымен қатар, Семейдегі "Жидебай-Бөрілі" қорық-музейінде Абай Құнанбайұлының домбырасы көрмеге қойылып, Бейжіңде өткен Dombra Party мерекесіне қазақстандық және қытайлық жас домбырашылар қатысты. Соңында әлеуметтік желілерде #dombrakuni республикалық онлайн акциясы өтті.