Тараптар 2022 жылғы бірлескен жұмыстың қорытындысын шығарды және 2023 жылға арналған жоспарларды талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
ҚР Үкіметі мен ЕҚДБ шағын және орта бизнесті қолдау, экономиканың одан әрі тұрақты дамуы үшін қажетті инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жалғастырады. Сонымен бірге, алдыңғы келісімдер шеңберіндегі зерттеулер аяқталады.
Бұдан бөлек, кездесу барысында көміртегі бейтараптығына қол жеткізу перспективалары қарастырылды. Болашақта карбонсыздандыру қазба отындарын субсидиялаудан біртіндеп бас тартуды талап етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты жандандыру, оның ішінде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Айта кетейік, 23 қаңтарда Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Ақтөбе, Қарағанды, Тараз, Риддер және Қонаев қалаларында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жөніндегі жоспарлар талқыланды.