ҰЭМ отандық өндірісті қолдау мақсатында импортталатын тауарлар тізбесін жаңартпақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі отандық кәсіпорындардың қажеттілігі үшін импортталатын шикізат тізбесін кеңейтуді көздейтін түзетулер әзірледі. Жаңа өзгерістер аясында импорт кезінде қосылған құн салығын төлеуді кейінге қалдыру тетігін қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Бұл шаралар өңдеу және химия өнеркәсібін қолдауға бағытталған.
Жобаға сәйкес, қазақстандық өнім өндіру үшін қажет шикізат пен компоненттердің қосымша түрлері тізімге енгізіледі. Атап айтқанда, пестицидтер өндірісіне қажетті материалдар да қамтылмақ. Сонымен қатар, осы жеңілдікке құқығы бар салық төлеушілердің тізімі жаңартылатын болады.
Бұдан бөлек, ел ішінде толық өндірісі жолға қойылған тауарлар қолданыстағы тізімнен алып тасталуы жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден импортталатын, қайта өңдеуге арналған тауарларды қоспағанда, Қазақстан аумағында өнім өндіру үшін әкелінетін тауарлар мен оларды импорттайтын салық төлеушілер тізбесін бекіту туралы" 2025 жылғы 28 қарашадағы №126 бұйрыққа енгізіледі.
Министрлік бұл бастама қайта өңдеу және химия өнеркәсібін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ тізбелердің өзектілігін сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Құжат жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланған. Қоғамдық талқылау 2026 жылғы 2 шілдеге дейін жалғасады.