Биылғы жылдың мамыр айында Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясының тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті.
"Қайта өңдеу саласын тиімді дамыту мен қазақстандық өнімнің экспортын алға жылжыту үшін институционалды негізді құру мақсатында биылғы мамырда министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясының тұжырымдамасын әзірлейді",- деді министр Үкіметтің 2017 жылға арналған жұмыс жоспарын таныстыру барысында.
Сонымен қатар Сүлейменов экспорт неографиясын кеңейту мен оған қолжетімділікті жақсарту мақсатында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы барысында бірқатар елдермен еркін сауда жөнінде келіссөздер жалғасатынын атап өтті. Осы орайда ол Үндістан, Мысыр, Сингапур, Сербия, Израиль және басқа да елдер қамтылып отырғандығын атап өтті. Мұнымен қоса, ҚХР-мен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім бағытында да келіссөздер жүргізіледі.