Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілген жоқ

857

ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұжымы осылай деп Президентке үндей жасады.

Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілген жоқ

Үндеуде Мемлекет басшысының берілген тапсырма "бұрмаланып" орындалғаны айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"ҚР ҰҒА күтіп отырған дәстүрлі мемлекеттік мәртебенің орнына 100% мемлекет қатысатын КЕАҚ (коммерциялық емес акционерлік қоғам) КВАЗИмемлекеттік мәртебесін алды. КЕАҚ – бұл квазимемлекеттік ұйым, мемлекеттің жүз пайыздық қатысуы ұйымның сол кезеңде мемлекеттік меншікте екенін ғана білдіреді. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның нысаны Ғылым академиясына тән емес, тікелей айтқанда, оны қорлайтын мәртебе", – деп жазылған үндеуде.

Әлемде акционерлік қоғам мәртебесі бар Ұлттық ғылым академиялары жоқ көрінеді. Наразы тарап "ҚР ҰҒА-ның КЕАҚ-акционерлік қоғамның осы мәртебесін қабылдауы еліміздің халықаралық имиджіне орасан зиян келтіреді" деген пікірде.

12 тамызда Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары А.Г.Балаеваның, Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің, Ұлттық ғылым академиясының президенті М.Ж.Жұрыновтың кездесуі өткен. Онда ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беруге қатысты "әділ шешім" қабылдау бойынша іс-қимылдар талқыланған. Сонымен қатар "Ғылым туралы" Заңға түзетулер қабылдауға байланысты туындаған басқа да күрделі мәселелерді оң шешуге, қоғамдық шиеленісті болдырмауға мүмкіндіктер бар. Ол үшін Ұлттық ғылым академиясы төмендегідей талаптар орындалғанын талап етеді:

Біріншіден, "Ғылым туралы" ҚР Заңына енгізілетін 8-бабы 3-тармағының және басқа да түзетулердің қолданысын тоқтата тұру, оларды ҚР Президентінің хаттамалық тапсырмасында көрсетілгендей, қолданысқа енгізу мерзімін 30 тамыздан 30 желтоқсанға, яғни Мемлекет басшысының тапсырмасын нақты орындау мақсатында оларды жоюға уақыт беру үшін ауыстыру қажет.

Екіншіден, осы кезең ішінде "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы туралы" ҚР жеке Заңын әзірлеп, қабылдау қажет. Халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келетін Заң Мемлекет басшысының ҚР ҰҒА-ның рөлін арттыру мақсатында оған мемлекеттік мәртебе беру жөніндегі барлық тапсырмаларын ескереді. ҚР ҰҒА ғылымның дамуы үшін тиісті жауапкершілікті өз мойнына ала алады және ол үшін оның заңды құқықтары мен мүмкіндіктері болуы керек.

Үшіншіден, ҚР ҰҒА-ға қоғам мен ғылыми қоғамдастықтың, жалпы Қазақстан халқының үмітіне лайықты мемлекеттік мәртебе беру бойынша Президенттің тапсырмасын орындау ҚР ҰҒА-ға Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы" Жоғары ғылыми мемлекеттік мекемесінің нысанын беру болып табылады.

"Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы туралы" Заң қабылданғанға дейін "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы" республикалық қоғамдық бірлестігі өз Жарғысына сәйкес РҚБ нысанында жұмыс істеуін жалғастырады.

"Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы туралы" Заңды әзірлеу және ҚР ҰҒА мәртебесіне байланысты мәселелерді шешу үшін құрылатын Мемлекеттік комиссияға ҚР ҰҒА Жалпы жиналысында уәкілеттендірілген Төралқа ұсынған академиктер енгізілсін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу