Санаққа онлайн қатысқан азаматтарға интервьюерлер сауалдарына қайталап жауап берудің қажеті жоқ.
"Санақ сұрақтарына онлайн режимде жауап бергендер санақтан өткені туралы хабарламаны көрсетеді. Интервьюер тұрғын үй-жайдағы барлық адамдар санақтан өткеніне көз жеткізгеннен кейін, өз учаскесінің келесі мекенжайына барады", – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.
Қазіргі уақытта республика бойынша санақ персоналы ретінде 23367 адам жұмысқа алынған.
Санақтан онлайн өту мүмкіндігі 15 қазанға дейін қолжетімді болады: sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты, E-Gov порталы арқылы, сондай-ақ Aitu мобильді қосымшасын пайдалана отырып авторизациядан өту.
1 қазан сағат 11-00-дегі жағдай бойынша онлайн санақтан 6429018 адам өткен.
Атап өтерлігі, респонденттердің 86 пайыздан астамы смартфон арқылы санақтан өткен. Санақтан онлайн режимде өткендер саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірдің 865824 тұрғыны санақтан өткені туралы хабарлама алды. Алматы облысында 705646 адам тіркелген. Көшбасшылар үштігін Шығыс Қазақстан облысы түйіндейді. Мұнда халық санағының сұрақтарына 612804 адам жауап берді.
Осы көрсеткіш бойынша Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарын соңғы орындарда. Бұл өңірлерде санақтан сәйкесінше 181024 және 155779 адам өтті.
Егер нақты өңірдің онлайн санақпен қамтылған халқының үлесі бойынша есептесек, онда Қызылорда облысы көш бастап тұр. Мұнда 48,8 %-ға адам қамтылған. (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823052 адам тұрады). Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы. Мұнда бұл көрсеткіш 45%-ға жетті (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 1361163 адам тұрады).
Бұған дейін хабарланғандай, 2021 жылдың ұлттық санағының негізгі кезеңі 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта өтеді.