Ұлттық инновациялар байқауының жүлдегері Стивен Хокингпен кездесті

782

Ұлттық инновациялар байқауының жүлдегері Стивен Хокингпен кездесті

"Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ және Қазақстандағы British Council ұйымдастырған Ұлттық инновациялар байқауы жүлдегері Исаак Мустопуло атақты физик Стивен Хокингпен кездесті, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.

Балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан 15 жастағы Исаак Мустопуло 2015 жылғы "ТДҰА" АҚ мен British Council ұйымдастырған Ұлттық инновациялар байқауының арнайы жүлдесімен марапатталған.

Байқаудың мақсаты – халықтың инновациялық белсенділігін арттырып, инновациялық қызметті кеңінен насихаттау.

Исаак атақты британиялық физик Стивен Хокингпен 2017 жылдың 4 қазанында Ұлыбританияға оқу-танысу сапары барысында кездесті.

Бұл кездесуді "Эйр Астана" компаниясының атқарушы директоры Питер Фостер British Council-мен бірлесіп ұйымдастырды.

"Стивен Хокингтің ғылыми ізденістері, ғылымға қосқан үлесі мені әрдайым жігерлендіреді. Адам баласы физикалық жағдайына қарамастан үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын Стивен Хокинг үлгі етіп көрсетті. Осылайша, мен "Үйлесім теориясы" бойынша көп еңбектендім. Инновация байқауы туралы естігенде, бұл мен үшін өз еңбегімді, қабілетімді көпке көрсететін, мүмкіндігім шектеулі болса да, оның арманыма жетуіме еш тұсау бола алмайтынын дәлелдегім келді", - дейді Исаак Мустопуло.

Исаак Ұлыбританияға сапары барысында Стивен Хокингпен кездесуден бөлек Лондондағы атақты Ғылым музейімен, Кембридж университеті және British Council бас кеңсесімен танысты.

Жас ғалымның байқауға ұсынған бейнеролигі "Үйлесім теориясы" деп аталады. Бұл бейнероликте Исаак ғарыш аппаратына арналған электр энергиясын өндіру барысы туралы баяндаған, сондай-ақ, Стивен Хокингпен кездесуді армандайтынын айтқан.

Жас данышпан байқаудан кейін де ізденісін арттырып, астрофизика және астрономияны зерттей бастады. OYLA атты ғылыми журналымен бірлесіп жұмыс істей бастады. Сондай-ақ, "Бөбек" Ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы өткізген "Астрофизика мен астрономияның бүгінгі мәселелері" атты конференцияға қатысты.

2015 жылы "ТДҰА" АҚ мен British Council "Ньютон – Әл-Фараби" және "Эксон Мобил Казахстан" серіктес бағдарламасының қолдауымен оқушылар арасында ең үздік инновациялық жоба байқауын ұйымдастырған еді. Бұл шара ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен "ТДҰА" АҚ бастамасымен өткен Ұлттық инновациялар байқауының жалғасы болатын.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы Ұлттық инновациялар байқауына өтінімдерді қабылдау мерзімін 2017 жылдың 15 қазанына дейін созды.

Өтініміңізді "ТДҰА" АҚ ресми сайтындағы http://natd.gov.kz Байқау бөліміне қалдыра аласыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу