"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының шешімімен Әйелдер кәсіпкерлігі комитеті құрылды. Енді ұлттық палатада 18 комитет жұмыс істейді.
Әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің жұмыс органы Ұлттық палатаның құрылымдық бөлімшесі – Жұмыспен қамту және шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаменті болып белгіледі.
"Комитет елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін қажетті шаралар кешенін әзірлеу, сараптамалық бағалау және ілгерілету, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара іс-қимылын үйлестіру мақсатында құрылды", – деді ҰКП Жұмыспен қамту және шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева.
Спикердің айтуынша, "Бір ауыл – бір өнім" бағытында 20 өңірде арнайы көрмелер өтіп, жергілікті шикізаттан шығарылатын 33 жоба келесі сүйемелдеу кезеңіне өткен. 60-ға жуық жаңа бренд нарыққа шығып, жоба қатысушылары – Маңғыстау облысы Құрық ауылының алғашқы өнімін экспорттаған.
"Бүгінгі таңда Ұлттық палата жанындағы Іскер әйелдер кеңесі 2 мыңға жуық бизнесте белсенді, ұлттық өнімге үлес қосып жүрген кәсіпкер әйелдерді біріктіреді. Палата "Мен кәсіпкермін" мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсібін ашамын және әрі қарай дамытамын деген халыққа, арнайы салалық оқыту мен брендін өндіруге дейін көмек көрсетіп жатыр. Яғни, бұл бағытта кәсіпкерлердің саны артқанын көріп отырмыз. Енді жаңадан құрылған комитет әйел кәсіпкерлердің жұмысын одан әрі жандандырады деген сенімдеміз", – деді Айдана Тоғызбаева.
Әйелдер комитеті, Палата, Іскер әйелдер кеңесі