Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша күдікке ілініп, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Д. Ерғожинге қатысты тергеу қылмыстық кодекстің "Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру (жымқыру)" 218-бабының 3-тармағының 3) тармақшасында және "аса ірі мөлшерде пара алу" 366-бабының 4.4-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық белгілері бойынша жалғасып жатқанын хабарлаймыз", - делінген жауапта.
Сондай-ақ, ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің егжей-тегжейі жария етілмейтінін жеткізді.
Бұған дейін БАҚ беттерінде Дәулет Ерғожиннің "GitHub" қытайлық сервистеріне қазақстандықтардың жеке деректерінің таралуына байланысты іс бойынша күдікке іліккені туралы ақпарат тараған еді.