Ұлттық киім ұлықталған күн

18 наурыз – "Ұлттық киім" күні аясында Қызылорда облысында "Этно FASHION" облыстық сән үлгісі фестивалі өтті.  

Ұлттық киім ұлықталған күн Фото: Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы

Шараға 17 дизайнер-тігінші қатысып, ұлттық киімдер дефилесінде 100-ге жуық модель қыз бақ сынады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Фестиваль мақсаты – ұлттық құндылықтар мен мәдени-мұраны насихаттау, жергілікті дизайнер-тігіншілердің креативті кластерлік жаңа жүйесін қалыптастырып, жұмысын қолдау. Ұлттық киім түрлерін заман талабына сай этно стильде жаңғыртып, сұранысқа қажет үлгілерінің жаңа нұсқасын ұсыну. Іс-шара барысында Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мира Қазбекова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

"Бұл күн ұлттық киімге арналады. Сан ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімі қарапайымдылығымен және ұтымдылығымен ерекшеленіп келеді. Ұлттық стиль ұлттық мінез бен ұлт бірлігін айшықтай отырып, ел мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігіне айналды.

Ұлт руханиятының дамуына үлес қосып, ұлттық құндылықтарды әркез дәріптейтін "Анаға тағзым" отбасын қолдау орталығының қызметкерлері тағылымды іс-шараны жоғары деңгейде алып шығатынына сенімдіміз. Қазақы киімнің барша сәнділігі – ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде", - деді Мира Қазбекова.

Фестивальге 17 дизайнер-тігінші қатысты. Әр дизайнер екі түрлі киім үлгісін ұсынды. Бірі – күнделікті киетін классикалық стильдегі заманауи этно киім үлгісі, екіншісі – сахналық, сәнді ұлттық киім.

"Ұлттық киімдер біздің өңірде тек Наурыз мейрамы қарсаңында ғана киілмейді. Қоғамда кең үрдіс ала бастады, оған қуаныштымыз. Ал бүгінгідей сән фестивалінің берері мол деп ойлаймын. Ұлттық құндылығымыз ұлттық киімдерді киюмен астасып жатыр", - дейді фестивалге қатысушылардың бірі.

Стиль мен талғамға қарай, дизайнерлер ұсынған ұлттық киімдер бір-бірінен матасы мен тігісі, безендірілуі жағынан ерекшеленді. Мәселен, ши құрақпен безендірілген этношапан, түймелері жылқы сүйектерінен әзірленген заманауи кеудешелер, киізден тігілген шапандар, т.б.

Жалпы, жергілікті дизайнер-тігіншілердің жұмысын ұлттық киімдер дефилесінде 100-ге жуық модель қыз таныстырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу