Ұлттық киноны қолдау орталығының қызметі "Қазақфильмге" берілмек

307

Бұл ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.  

Ұлттық киноны қолдау орталығының қызметі "Қазақфильмге" берілмек Фото: gov.kz

Жыл басынан бері "Қазақфильм" киностудиясы жаңа даму кезеңіне өтіп, бұрынғы беделін қайтару бағытында бірқатар бастама қолға алынды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі киностудиядағы өзгерістер жөніндегі редакциялық сауалға ресми түрде жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Түркістан" газетіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, бұған дейін "Қазақфильмде" идеологиялық сүзгіден өтпеген, қомақты қаражатқа түсірілген көптеген туындылар болған. Олар халықаралық фестивальдерде көрсетілгенімен, қарапайым көрерменге жете қоймаған.

"Біз ережені өзгерттік. Идеологиялық тұрғыдан маңызды саналатын 10 тақырып бекітілді. Осы тақырыптар бойынша сценарийлер байқауы өтті. Соның нәтижесінде талғамы биік көрерменге арналған "Капитан Байтасов" сияқты мазмұнды фильмдер көбейіп келеді", – делінген ведомство жауабында.

Министрлік келесі жылдан бастап киностудияны басқару жүйесінде де елеулі өзгеріс болатынын айтты. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қызметі "Қазақфильм" киностудиясына берілмек.

"Киностудия тікелей қаржыландырудан айырылған болатын. Бұл құзырет заң жүзінде қайтарылды. Президент қол қойған жаңа заңға сәйкес, жыл сайын фильмдерді қаржыландырудың 30 пайызы тікелей "Қазақфильмге" бағытталады. Бұл киностудияның тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығын арттырады", – деп хабарлады министрлік.

Сонымен бірге салалық қаржыландыру тетігі де жаңарған.

"Қазақфильм" енді өз туындыларын өзі әзірлей алады. Қазіргі таңда 50/50 қосымша қаржыландыру жүйесі енгізілді: фильмнің шығынының 50 пайызын жобаны түсіруге ниетті компания, қалған 50 пайызын "Қазақфильм" қаржыландырады. Алайда бұл жай ғана фильм емес, көрерменге ой салар, әрі салынған қаражатты қайтаруға қабілетті сапалы туынды болуы тиіс. Мұндай тәсіл өзін ақтап жатыр. Ереже өзгергеннен кейін "Қайтадан" фильмі екі есе табыс тапты", – делінген басылымға берген жауабында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу