Астанада ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева төрағалық етті. Отырыс барысында өңірлердегі Отбасын қолдау орталықтарының қызмет тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Аталған тақырып бойынша Қазақстан Республикасындағы Отбасы істері жөніндегі уәкіл, Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Снежанна Имашева баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы негізінен шұғыл жағдайларға жедел әрекет етуге және азаматтардың өтініші бойынша қызмет көрсетуге бағытталған.
Сонымен қатар орталықтар жұмысының тиімділігі кадрлық құрамға және материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейіне тікелей байланысты екені атап өтілді. Бүгінде орталықтарда психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлерді қоса алғанда, білікті мамандар тапшылығы байқалады. Жалақы деңгейінің төмендігі де орталықтардың кадрлық әлеуетін дамытуға кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі ретінде көрсетілді.
Қазіргі уақытта республика бойынша 158 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. 11 өңірде бұл орталықтар барлық қала мен ауданды толық қамтып, халық үшін қызметтердің 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бірыңғай қалалық Отбасын қолдау орталықтары құрылған. Жыл басынан бері республика бойынша азаматтардан 30 мыңға жуық өтініш тіркелген. 24 мыңнан астам отбасы консультациялық көмек алса, тағы 5 мыңға жуық отбасына тұрақты әлеуметтік қолдау көрсетілуде.
"Отбасы – қоғамның тірегі. Отбасының амандығы мен берекесі мемлекеттің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Бұл мәселеде екінші кезектегі тақырып немесе ұсақ-түйек деген болмайды. Әлеуметтік мәселелерді, отбасыға қатысты түйткілдерді шешу туралы айтқанда, біз жекелеген бағыттарды емес, кешенді жұмысты назарға алуымыз керек. Сондықтан Отбасын қолдау орталықтарының қызметі жүйелі әрі нақты қажеттілікке бағдарланған болуы тиіс. Біздің жұмысымыздың нәтижесі – жай ғана статистика емес. Әрбір көрсеткіштің артында нақты адам тағдыры, нақты отбасының өмірі тұр", – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Жиын қорытындысы бойынша Аида Балаева әр өңір бойынша проблемалық мәселелерге аналитикалық деректер, әлеуметтік зерттеулер мен мониторинг нәтижелері негізінде егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырды. Ұлттық комиссияға өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіруге бағытталған нақты ұсынымдар әзірлеу міндеті жүктелді.
Премьер-Министрдің орынбасары алдағы жұмыстың нақты алгоритмдерін айқындау, сондай-ақ мамандардың еңбекақысы мен оларды қосымша ынталандыру мәселелері бойынша нақты ұсыныстар енгізу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, халықтың Отбасын қолдау орталықтарының қызметі туралы хабардарлығын арттыруға, отбасылармен атаулы жұмыс жүргізу тәжірибесін кеңейтуге және ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды.