Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми технологияларды коммерцияландыруда кездесетін мәселелерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ең маңызды мәселе – өзіміздің ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономиканың нақты секторына енгізу, яғни технологияларды коммерцияландыру. Біз өзіңізбен бұл мәселені бірнеше рет талқылағанбыз. Осы бағытта қандай кедергілер бар? Осы процесс белсенді жүру үшін не жасау керек?", – деп сұрады Премьер-министр Олжас Бектенов.
Министрдің сөзінше, қазір министрлік тікелей өндіріспен байланысқа шықты, ғылыми-техникалық сессиялар өте қарқынды жүзеге асырылып келе жатыр.
"Біздің бірнеше ұсынысымыз бар. Біріншіден, ірі кәсіпорындардың тендерлік процедураларында ғылыми ынтымақтастық критерийлері енгізілсе дұрыс болады. Екіншіден, ірі кәсіпорындар, ұлттық компаниялар осы ғылыми-технологиялық сессияларға қатысып, өздерінің инфрақұрылымын ғалымдарға беріп, сынақ ретінде қолдануға бергендері өте дұрыс болар еді. Мысалы, Qarmet зауыты үш университетпен бес ғылыми-зерттеу институтына инфрақұрылымын беріп, қазір тығыз байланыс жүріп жатыр", – деді ол.
Сөзінше, кедендік рәсімдер шетелден құрал-жабдықтарды әкелуде көп уақытты алады. Бұдан бөлек өнімді сертификаттау мәселесі де бар.
Саясат Нұрбек өңірлік ғылымды дамытуға да жіті мән берілу керек деп есептейді.