"Ұлттық қор – балаларға": 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды

763

Ауқымды жоба елімізде 2024 жылдың ақпанында іске қосылды.  

"Ұлттық қор – балаларға": 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына 2,5 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат аударылды. Оның ішінде кәмелет жасына толған 772,1 мың жасқа 109,7 миллион АҚШ доллары төленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ұлттық байлықты әділ бөлу тетігін қалыптастыру идеясын көтерген болатын. Осы бастаманы жүзеге асыру бағыттарының бірі ретінде "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы қолға алынды.

Бағдарлама аясында Қазақстанның әрбір азаматы 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордың орташа инвестициялық табысының 50 пайызы есебінен жыл сайын қаражат алады. Бұл ақша баланың есепшотына жинақталып, кәмелетке толған соң тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім ақысын төлеуге жұмсалуы мүмкін.

2026 жылы бағдарламаға қатысатын 6,92 миллион баланың әрқайсысының есепшотына 130,71 АҚШ долларынан есептелді. Ал бағдарламаға 3 жыл қатарынан қатысқан балалардың жинағы инвестициялық табысты қоса есептегенде 370,56 АҚШ долларына жетті.

Қазір бағдарлама қаражат жинақтау кезеңінен оны пайдалануға көшу кезеңіне өтті.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, 365 967 жас қазақстандық мақсатты жинақтарын пайдаланған. Төлемдердің жалпы сомасы 76 миллион АҚШ долларынан асқан. Оның 50 миллион АҚШ долларынан астамы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал 25 миллион АҚШ долларынан астамы білім ақысын төлеуге жұмсалған.

Осылайша, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы еліміздің ұлттық байлығынан түсетін инвестициялық табыстың бір бөлігін әр баланың болашағына бағыттауға мүмкіндік береді. Жинақтар жастардың кәмелетке толғаннан кейін білім алуына және баспана мәселесін шешуіне қаржылай қолдау көрсетуге арналған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу