Еліміздегі әр баланың шотына 129,38 доллардан түсті

325

Аударымдар туралы ақпарат 1 ақпанда қолжетімді болады.    

Еліміздегі әр баланың шотына 129,38 доллардан түсті Фото: aikyn.kz

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында биыл кәмелетке толмаған балаларға 129,38 доллардан аударылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Қаржы министрлігіне сілтеме жасап.
                        
2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында "Ұлттық қор – балаларға" бастамасын көтерген болатын. Бұл бастама жас азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ білім алуына жан-жақты жағдай жасап, табысты болуына бағытталған.

"2024 жылдан бастап жылма-жыл қазақстандық балаларға 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық табысты қоса алғанда, Ұлттық қордан қаражат аударылып келеді. Былтыр аталған бағдарламаға 6 919 131 адам қатысып (2006-2023 ж.ж. туған балаларды қоса алғанда), олардың әрбірінің шотына 100,52 доллар жіберілді. Аударылған ақшаның жалпы сомасы – 695,5 млн доллар. Тұтастай алғанда, осы бағдарламамен қамтылғандардың жалпы санынан 304 815 адам 2024 жылы 18 жасқа толып, оларға жалпы сомасы 30,6 млн доллар аударылды. 2025 жылы әр балаға жаплы 129,38 доллар аударылды. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың (инвестициялық кірісті қоса алғанда) жинақтарының жалпы сомасы 232,94 долларға ұлғайды", - делінген хабарламада.

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша аударымдар туралы ақпарат eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында 1 ақпанда көрсетіледі.

Төлем тетігі барынша қарапайым. Баланың бағдарламаға қатысуы мен есептелген ақша туралы ақпаратты баланың ЖСН енгізе отырып, арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан көруге болады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысып, нұсқаулықтар, сол секілді өзекті сұрақтардың жауаптарын ала аласыз. Бұдан бөлек балаға арналған аударымдар туралы деректерді eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, сондай-ақ Kaspi.kz, Halyk қосымшалары арқылы да көруге болады.

Жинақталған соманы кез келген жас азамат 18 жасқа толғанда пайдалана алады. Жинақтар БЖЗҚ-дағы шоттарға аударылады және жобаның ресонденттері уәкілетті операторлардың (Отбасы банкі және Халық банкі) қосымшасы арқылы өтініш бере отырып, тиісті соманы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) білім алуға жұмсай алады.

2025 жылдың 1 қаңтарында бұл мақсатқа 66 571 өтінім беріліп, оның ішінде жалпы сомасы 5 316,7 мың долларға 53 001 өтінім орындалды. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға 34 388 өтінім берілді, оның ішінде 29 542-сі орындалып, 2 964 мың доллары төленді. Білім беру бойынша 32 183 өтінім жолданып, оның ішінде 23 459 өтінім қанағаттандырылып, 2 352,7 мың доллар төленді.

Биыл бағдарламаға 6 921 035 бала қатысып жатыр. Олардың ішінде 324 430-ы биыл 18 жасқа толады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу