"Ұлттық қор – балаларға" бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды

434

Жақында балалардың есеп-шотына қаржы түсе бастайды. 

"Ұлттық қор – балаларға" бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы Президенттің қатысуымен өтіп жатқан мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтылды.

 "Еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырды. Біз ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасадық. Бұл маңызды қадам біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, теңдессіз реформа болды.

Жалпыұлттық референдумда халқымыз бұл өзгерістерге барынша қолдау білдірді. Азаматтардың саяси үдеріске қатысу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Яғни, жалпыұлттық диалогтың ауқымы кеңейді.

Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Мұның бәрін саяси реформаның басты мазмұны деуге болады.

Осыдан тура бір жыл бұрын мен ауқымды сайлау кезеңі басталатынын айтқан едім. Қысқа мерзім ішінде Президент, Сенат пен Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы кезең-кезеңімен өтті. Оның бәрі жаңа әрі әділ ережемен жүргізілді. Бұл сайлаулар азаматтарымыздың саяси және сайлау мәдениетінің деңгейі өскенін көрсетті, деді Президент. 

Ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі саяси реформадағы аса маңызды қадамның бірі болды. Қазірге дейін 1900-ден астам ауыл округында сайлау өтті. Ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы жаңарды.

Жақында аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін азаматтарымыз тікелей сайлайтын болады.Мемлекет басшысы әзірге жаңа тәсілдің тиімділігін байқап көріп жатқанын айтты . Адам құқығын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот қайта құрылды. Омбудсмендердің мәртебесі көтеріліп, құзыреті кеңейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза күшейтілді

"Қазақстан әлеуметтік салада айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде азаматтардың орташа жасы 74,4 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Қиындығы көп болған тоқсаныншы жылдарда халық саны күрт азайды. Біз қазіргі таңда осы демографиялық құлдырауды еңсердік. Көп ұзамай халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды.

"Ұлттық қор – балаларға" бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды. Небәрі екі айдан кейін балаларымыздың есеп-шотына қаржы түсе бастайды", деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу