“Ұлттық қор – балаларға”: келесі жылы қаражатты кімдер ала алады?

777

Жоба 2024 жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылады деп күтілуде 

“Ұлттық қор – балаларға”: келесі жылы қаражатты кімдер ала алады?

“Ұлттық қор – балаларға” жобасы аясында балаларға қанша ақша аударылатыны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

“Бүгінгі таңда елімізде келесі жылы кәмелеттік жасқа толатын 260 мыңға жуық бала бар. Олардың әрқайсысы 2024 жылы орта есеппен 160-170 доллар шамасында ала алады”, - деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссияның отырысынан соң.

Бүгінгі таңда “Ұлттық қор  – балаларға” жобасы аясында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілмек.

“Балалар кәмелеттік жасқа жеткен соң жиналған қаражатты алып, оны баспана сатып алуға немесе оқуға жұмсауына мүмкіндігі бар. Бұл қаражат балалардың еміне қарастырылмаған”, - деді Берік Бейсенғалиев.

Егер балалар 18 жыл ішінде жинақталған қаражатты үй сатып алуға жұмсағысы келсе, онда баспананы тек Қазақстан аумағынан ғана ала алады. 

Халық қалаулысының сөзінше, егер де бала кәмелет жас толмай тұрып азаматтығын өзгертсе немесе басқа елге көшіп жатса, оның қаражаты бағдарламаға қатысушы басқа балалардың арасында теңдей бөлінеді. 

Жалпы бүгінгі таңда елімізде кәмелет жасына жетпеген 6,5 млн бала бар.

“Келесі жылдың басында БЖЗҚ төлем жіберілуі тиіс балалардың түпкілікті тізбесін қалыптастыратын болады. Бұл соңғы тізім келесі жылдың 20 қаңтарына дейін жасалады. 31 қаңтарға дейін 18 жасқа дейінгі барлық балаға төлем аударылады. Кейіннен балалардың тізімі жылына бір рет жаңартылып отырады”, - деді Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссияның отырысының кулуарында.

Мәселен, қазір 17 жастағы балалардың келесі жылы бір төлем алуына құқығы бар. 

Заң жобасы осы сессияның аяғына дейін қабылданады деп жоспарланып отыр, деді ведомство өкілі.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу