Ұлттық қордан 1,5 трлн теңге: Алматыдағы ірі жобалардың орындалуы тексерілді

322

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласы мен облысына жұмыс сапары барысында Ұлттық қор қаржысы есебінен жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық, әлеуметтік және коммуналдық жобалардың барысын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Ұлттық қордан 1,5 трлн теңге: Алматыдағы ірі жобалардың орындалуы тексерілді Фото: primeminister.kz

Биыл аталған жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 1,5 трлн теңге қарастырылған. Оның шамамен 60–70 пайызы денсаулық сақтау нысандарын дамытуға бағытталған.

Сапар барысында Алматы халықаралық әуежайының инфрақұрылымын жаңғырту жоспары таныстырылды. Жоба аясында терминал мен ұшу-қону инфрақұрылымын жаңарту, жаңа рульдеу жолағы мен жүк перронын салу және сервистік нысандарды дамыту көзделген. Сонымен бірге бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы бағаланды.

Нұрлыбек Нәлібаев "Алматы – Талғар – Бәйдібек би" автожолының 8 шақырымдық учаскесін кеңейту және "Алматы – Бішкек" трассасының 7 шақырымын қайта жаңғырту жобаларымен де танысты. Соңғы жоба бойынша жол төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіліп, екі жолайырық пен тоғыз жерүсті жаяу жүргінші өткелі салынады.

Қалқаман шағын ауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухананы жаңғырту жұмыстары да қаралды. Жөндеу аяқталғаннан кейін аурухана 900 орынға есептеледі. Жобаға ғимараттар мен инженерлік жүйелерді жаңарту, конструкцияларды күшейту және медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету кіреді.

Алматының денсаулық сақтау саласына Ұлттық қордан 66 млрд теңге бөлінген. Республикалық бюджет пен келесі жылға жоспарланған қаржыны қоса есептегенде, бұл бағытқа жалпы 196 млрд теңге қарастырылған.

"Мемлекет басшысы қаражаттың 60–70 пайызын денсаулық сақтау нысандарына бағыттауды тапсырды. Енді бөлінген қаржыны тиімді игеріп, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, нысандарды халыққа пайдалануға беру қажет. Бұл – Үкімет басшысының да бақылауындағы маңызды жобалар", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сапар аясында Саин көшесін Алматы шекарасынан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасы да таныстырылды. Ұзындығы 6,6 шақырым болатын жаңа учаскеде жол, инженерлік желілер және теміржол үстінен өтетін жол өткелі салынады.

Бұдан бөлек, Алматының батыс кәріз коллекторының құрылысы қаралды. Ұзындығы 35 шақырым болатын негізгі учаскенің 17,9 шақырымында құбыр тартылған. Жоба толық аяқталса, Наурызбай және Алатау аудандарының, сондай-ақ Алматы облысына іргелес аумақтардың шамамен 200 мың тұрғыны орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосыла алады.

Сондай-ақ Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасы қаралды. 3,4 шақырымдық жол учаскесінде Ақсай өзені арқылы көпір және айналма жолдың үстінен жол өткелі салынады. Бұл жоба Алматыдан шығатын қосымша көлік бағытын қалыптастырып, Қарасай ауданымен байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары барысында әлеуметтік нысандардың құрылысы да назардан тыс қалмады. Нұрлыбек Нәлібаев Сейфуллин көшесіндегі 155 орындық №1 қалалық перзентхана мен Әйтеке би көшесіндегі ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана жұмысымен танысты.

Аталған медициналық нысандар Алматы тұрғындарына ғана емес, қала агломерациясындағы халыққа да қызмет көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу