Ұлттық қордан алынатын қаржының инфляцияға әсері болмайды – Азамат Әмрин

449

Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жоба іске асырылмақ.  

Ұлттық қордан алынатын қаржының инфляцияға әсері болмайды – Азамат Әмрин Фото: dknews.kz

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Ұлттық қордан алдағы үш жылда әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына бөлінетін қаржыға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ұлттық қордан алынатын қосымша қаражат инфляцияға қатты әсер етпейді. (...) Қаражат Ұлттық қордан экономикаға құйылған кезде ақша массасы өседі. Сол себепті қатты әсері болмайды", – деді Азамат Әмрин Құрылтайда өткен брифингте.

Тілшілер "Демек инфляцияға ешқандай әсері болмайды?", – деп нақтылады.

"Болмайды", – деп қысқа қайырды Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Бұған дейін Ұлттық қордан 2027–2029 жылдары маңызды жобаларға қанша қаражат бағытталатынын жазғанбыз.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен республикалық бюджет туралы заң жобасының таныстырылымында алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жобаны іске асыруға 5 трлн теңге көзделгенін айтты.

"Оның 4,4 трлн теңгесі төрт негізгі бағытқа – көлік және логистикаға, әлеуметтік салаға, энергетика мен су ресурстарына бағытталады. Бұл елге қажетті жобалар перинаталдық орталықтар мен өңірлік ауруханалар, жылу және газ желілері, автомобиль жолдары мен су инфрақұрылымдары. Бұл инвестициялардың маңызы инфрақұрылымды дамытумен ғана шектелмейді. Олар тікелей әлеуметтік-экономикалық нәтиже береді. Жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 31 мың жұмыс орны ашылады. Оның 25 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Сонымен қатар, бюджетке шамамен 3,7 трлн теңге салық түсімі түседі деп күтілуде", – деді Абзал Бейсенбекұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу