Халықты әлеуметтік қолдауды күшейту үшін барлық тиімсіз шығыстар қысқартылады. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Маңызды міндеттердің бірі – бюджеттің және Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру. Осыған байланысты Ұлттық банкпен бірлесіп жылдың соңына дейін Ұлттық қорды инвестициялау және пайдалану сапасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірленеді. Халықты әлеуметтік қолдауды күшейту үшін барлық тиімсіз шығыстарды қысқарту және бюджет кірістерін арттыру есебінен бұдан әрі резервтер іздестіріледі", – деді ол бүгін Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған үкімет отырысында.
Сонымен қатар ол қаржы министрлігі кедендік әкімшілендіруді жақсарту және күшейту жөніндегі кешенді жұмысты жалғастыратындығын айтты.
"Мемлекеттік сатып алу жүйесі бұдан әрі жетілдіріледі. Тиісті заң жобасы әзірленді. Ол адал бәсекелестікті ынталандыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын және өнім берушілердің біліктілігін арттыруға бағытталған", – деді үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған шаралардың барлығы бюджетке қосымша табыс алуға мүмкіндік береді.