Ұлттық қордың валюталық активі артады

1053

Республикалық бюджеттің кірісі 2022 жылы – 9,2 трлн, 2023 жылы – 9,7 трлн, 2024 жылы – 10,4 трлн теңгені құрайды. 

Ұлттық қордың валюталық активі артады

Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев осындай болжам жасалғанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы – 2,4 трлн, 2023 жылы – 2,2 трлн, 2024 жылы 2 трлн теңге мөлшерінде айқындау ұсынылды", – деді министр. 

Әсет Ерғалиевтің айтуынша, Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт республикалық бюджеттен төленетін ортақ және мемлекеттік базалық зейнетақы төлеміне жұмсалады. 

Ұлттық қордан 2022 жылға – 550 млрд теңге, 2023-2024 жылдарға 400 млрд теңгеден қосымша нысаналы трансферт тартылады екен. Бұл туралы министр: "Қаражатты "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын қаржыландыруға бағыттау ұсынылды", – деді. 

Әсет Ерғалиевтің сөзінше, мұнай бағасы барреліне 60 доллар болған жағдайда мұнай секторынан Ұлттық қорға болжам бойынша 2022 жылы – 2,5 трлн теңге түседі. 

"Бұл көрсеткіш 2024 жылы 3 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Осы аралықта Ұлттық қордың валюталық активі 55,3 млрд доллардан 61,6 млрд долларға дейін артады деп болжануда", – деді Әсет Ерғалиев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу