Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі 2 млрд долларға азайды

619

Бұған қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу де әсер еткен.

Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі 2 млрд долларға азайды

Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Алдын ала деректерге сәйкес, маусымның қорытындысы бойынша Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі өткен айда 2 млрд АҚШ долларына төмендеп, 51,9 млрд АҚШ долларын құрады", – деді бас банк өкілі. 

Оның айтуынша, Ұлттық қор активтерінің төмендеуі акциялар бағасының айтарлықтай құлдырауына және АҚШ долларының нығаюына байланысты болды. 

"Ұлттық қордың төмендеуіне Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу де әсер етті", – деді Әлия Молдабекова. 

Айта кететіні, биылғы жылғы маусымда трансферттер көлемі 578 млрд теңгені құрады. 

"Трансферттердің едәуір бөлігі Ұлттық қордың теңгедегі шотындағы қалдықтар, сондай-ақ қорға теңгедегі түсімдер есебінен бөлінді. Сонымен қатар ішкі валюта нарығында 438 млн АҚШ долларына активтер сатылды, бұл – 199 млрд теңгеге балама сома. Ұлттық қордан сату үлесі Қазақстан қор биржасындағы валюталық сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20,7%-ын құрады", – деп түсіндірді спикер. 

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары инфляцияның жеделдеуімен күресте орталық банктер соңғы 20 жылда мөлшерлемелерді ауқымды көтеруге көшкенін атап өтті. 

Жоғары геосаяси тәуекелдер мен ФРЖ-ның инфляцияны төмендету үшін барынша агрессивті әрекет етуге дайын екендігін мәлімдеуі аясында өткен айдың қорытындысы бойынша акциялар нарығының айтарлықтай төмендеуі байқалады. Бұл ретте Ұлттық қордың ұзақ мерзімді кірістілігі құрылғаннан бастап жылдық мәнде 3,05% болды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу