2020 жылдың қаңтар-ақпанында Ұлттық қорға түскен қаржы 363,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 37,8%-ға немесе 220,7 млрд теңгеге төмен, деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы. Ал салықтан 358,0 млрд теңге қаржы түскен. Бұл 2019 жылдың қаңтар-ақпанынан 37,1%-ға кем.
Биылғы жылғы динамика бойынша Ұлттық қорға 2 147,8 млрд теңге қаржы түсуі ықтимал. 2019 жылы Ұлттық қорға салықтан 2 837,2 млрд теңге қаржы түскен болатын.
Жалпы Ұлттық қорға салықтың барлық түрінен түсетін қаржы көлемі азайған. Мәселен, екі айдың ішінде корпоративтік табыс салығынан 121,9 млрд теңге түскен. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 45,3%-ға немесе 100,9 млрд теңгеге төмен.
Сонымен қатар 2020 жылдың екі айының ішінде Ұлттық қордан 838,1 млрд теңге жұмсалған. Оның ішінде 838,0 млрд теңге кепілді трансфер ретінде республикалық бюджетке, 140,5 млн теңге қор шығынына аударылған. Осылайша Ұлттық қор активтері екі айдың ішінде 474,9 млрд теңгеге төмендеген.