Өскемендік "Торпедо" хоккей клубының және ұлттық құраманың капитаны Евгений Рымарев Қазақстанның үздік хоккейшісі атанды, деп хабарлайды sports.kz.
"Қазақстанның үздік хоккейшісі" байқауының директорлар кеңесі 2017-2018 жылғы маусымның лауреатын анықтайтын дәстүрлі сауалнаманың қорытындысын жариялады. Дауыс беру нәтижесінде "Торпедоның" және Қазақстан құрамасының шабуылшысы 29 жастағы Евгений Рымарев 2017-2018 маусымының үздік хоккейшісі атанды.
Жеңімпаз осыдан төрт жыл бұрын байқаудың үшінші орнына табан тіреген болатын. Екінші орынды 22 жастағы өскемендік Семен Кошелев жеңіп алды. Хоккейші "Авангардтың" құрамында ҚХЛ плей-офф кезеңінде өзін барынша көрсете білген, сондай-ақ Ресейдің олимпиада құрамасына шақырту алған. Үшінші орынға "Барыстың" және ұлттық құраманың 32 жастағы шабуылшысы Роман Старченко жайғасты. Ол 2013 және 2015 жылдары Қазақстанның үздік хоккейшісі атанған.