Ұлттық құрылтайда журналистерге қатысты қылмыстық бапты жеңілдету ұсынылды

Бұл туралы "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова бастама көтерген. 

Ұлттық құрылтайда журналистерге қатысты қылмыстық бапты жеңілдету ұсынылды

Ол Қазақстандағы журналистерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті жеңілдету, яғни кейбір құқықбұзушылықты әкімшілік жауапкершілік санатына көшіруді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген ол ақпараттық кеңістіктегі байланысты нығайтып, бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау қажеттігін атап өтті. 

– Сапалы әрі шынайы ақпаратқа деген сұраныс азайған жоқ. Отандық бұқаралық ақпарат құралдары бірқатар қиындыққа қарамастан, өз жұмысын жалғастырып келеді. Осыған байланысты, құрметті Президент мырза, сізден БАҚ-ты қолдауыңызды сұраймыз. Сіз журналистердің қауіпсіздігі мәселесін көтердіңіз. Осы тұрғыда кейбір құқықбұзушылықты әкімшілік жауапкершілікке ауыстыруды ұсынамыз. Бұл журналистердің кәсіби қызметін тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Кәсіби қауымдастық ақпараттық бопсалау мен қысым көрсету тәжірибесін қатаң айыптайды. Осыған орай, Жоғарғы соттың БАҚ-қа қатысты істер бойынша сот тәжірибесінің ашықтығы мен бірізділігін қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік қаулы әзірлеу туралы шешімін қолдаймыз, – деді Жаманқұлова Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Оның сөзінше, өңірлік басылымдарды дамыту арқылы ел ішінде өзіміздің ақпараттық нарративтерімізді қалыптастыруға мүмкіндік туады. Бұл сыртқы ықпал күшейіп отырған кезеңде аса маңызды. 

– Сыртқы ықпал күн сайын артып келеді. Сондықтан болып жатқан оқиғалардың мазмұнын өзіміз айқындап, оны түсіндірудің логикасын да өзіміз құруымыз керек. Ол үшін медиасауаттылықты жүйелі түрде күшейту қажет. Медиасауаттылық қоғамды сыртқы манипуляциялардан қорғайды. Медиасауатты азаматтар жалған ақпаратты ажырата алады, – деді "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу