ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қылмыстық кодекске, қылмыстық процестік кодекске және әкімшілік кодекстің кейбір баптарына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын әзірледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомствоның Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғанбаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"ҚР Қылмыстық кодексіне, әкімшілік кодексінің кейбір баптарына енгізілетін өзгеріс экологияны, қоршаған табиғи ортаны, соның ішінде ұлттық парктерді сақтауға оң ықпал етеді деп есептейміз. Қазақстанның табиғи байлығы, орман алқабы ондағы жануарлар дүниесі, жойылып кету қаупі бар жануарлар бар, эко жүйе толығымен сақталып, бабадан балаға аманат ретінде жалғасып отыруға тиіс. Сондықтан ұлттық парктердегі құқық бұзушылықтарды азайту мақсатында өзгерістер енгізуді ұсынамыз", – деді спикер.
Заң жобасының толық нұсқасымен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің сайтында Құжаттар бөлімінен танысуға болады.
"372-бап бойынша Ұлттық саябақтарды ластаған адамдарға 10 АЕК (29 мың теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Жазаны күшейту шараларынан кейін оның көлемі 20 АЕК (58 мың теңге) болады. Ал бір жылдың ішінде қайталап заң бұзатын болса, жеке тұлғалар үшін айыппұл көлемі тағы екі есе артады", – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғанбаев.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының жалпы ауданы 26,2 млн гектар, яғни ел аумағының 9,6%-ын құрайды, оның ішінде заңды тұлға мәртебесі бар аумақтар 7,6 млн гектар немесе республика алаңының 2,78%-ын алып жатыр. Сонымен қатар елімізде 10 мемлекеттік табиғи қорық, 13 мемлекеттік ұлттық табиғи парк, 6 мемлекеттік табиғи резерват бар.
Құралай Құдайберген