Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Келесі кешенді жоспардың жобасы "Маңғыстау" туристік аймағын дамытуға бағытталған. Кешенді жоспар аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде Тұзбайыр, Қызылқұп, Торыш, Айрақты сияқты бірегей туристік орындар қолжетімді болады және жаңа объектілердің ашылуына мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар экотуризмді ілгерілету мақсатында ұлттық парктерді дамыту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары туристік соқпақтарды негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, 8 сапар-орталығы ашылды", - деді ведомство басшысы.
Министрдің дерегінше, ұлттық парктердегі экотуристердің тұрақты өсуі байқалып отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14 ұлттық паркке 2,8 млн адам барып, келушілердің саны 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға өсті.
"Артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әрбір ұлттық паркті негізгі туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жаңа сапар-орталықтарын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар барлық ұлттық парктерде Бурабайдағы секілді кіру жүйесін цифрландыру қажет. Дәл осындай жұмыс басқа да өңірлерде туризмнің әр түрін дамыту үшін іске асырылатын болады", - деді Ербол Мырзабосынов.
Туризмнің этно-мәдени, балалар мен жасөспірімдер, медициналық, сауықтыру, іскерлік, караванинг және автотуризм секілді түрлері басымдыққа ие.