Экология және табиғи ресурстар министрлігі өзінің қарамағындағы заңды тұлға мәртебесіндегі республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететін қызметтер үшін тарифтер мөлшеріне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекеттік табиғи ұлттық саябақтар мен қорықтарға мотоциклдер, мопедтер, квадроциклдердің кіргені үшін алымдарды алып тастау ұсынылып отыр.
Түсіндірме жазбада көрсетілгендей, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заңның 38-бабының 1-1 тармағының 3) тармақшасына сәйкес мекемелердің табиғатты қорғау қорлары аумаққа автокөлік құралының кіргені үшін алым алу арқылы ғана қалыптастырылады.
"Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларды болжамайды", – делінген бұйрық жобасына қоса берілген құжатта.
Мәселен, осыған дейін Алматы, Ақсу-Жабағылы, Батыс Алтай, Қорғалжын қорықтарында қызметтер үшін тарифтердің мөлшерінде мотоциклдер, мопедтер, квадроциклдердің кіргені үшін 0,4 АЕК алым белгіленген еді. Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бұл тариф мөлшері 0,3 АЕК-ті құрады.
Құжатты жария талқылау Ашық НҚА порталында 22 қарашаға дейін жалғасады.