Ұлттық спорт клубы жабылғалы жатыр

412

Клуб жабылса ем үшін келіп атқа мінетіндерге де есік жабылады.

Ұлттық спорт клубы жабылғалы жатыр Фото: Inbusiness.kz

Еліміз Ұлттық спорт Олимпиадасын өткізуге дайындалып жатқан тұста, Түркістан облысы жалғыз ұлттық спорт клубын жауып, таратқалы жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ат ойындары мен құсбегілік және ләңгі, асық ату сынды спорт түрлерін дамыту мақсатында 2021 жылы Арыс қаласында ашылған мектеп келесі айдың ортасынан бастап жұмысын тоқтатады. Жастарды ұлттық спортқа баулып отырған орталықтың жабылуын әкімдік қаржының жетіспеушілігімен байланыстырды.

Арыстағы атшабар аталып кеткен бұл мекен қазір жасөспірім балалардың сүйікті орны. Өйткені, балалар бос уақытында бұл жерге келіп, атқа мініп көкпар, теңге ілу, аударыспақ һәм жамбы ату және саятшылық сынды спорттың қыр-сырын үйренеді. Ол үшін мұнда жеті жаттықтырушы жұмыс істейді.  

"Жақсы қолға алып келе жатырмыз. Құдай қаласа осы құсбегілік арқылы елімізді талай мемлекеттерге танытсақ деген де үмітіміз бар. Әлі де болса қоймаймыз деген ниеттеміз. Өйткені бұл атадан қалған мұра ғой. Соның енді жаңғырып келе жатқан кезі еді. Сол енді жабылады деген хабар келді де қуанышымыз су сепкендей болып жатқан жағдай бар", - дейді құсбегі Мәди Қалқожаев.

Жалпы мұндағы үйірмелерге 200-дей бала тіркелген. Олар өз қызығушылықтарына қарай сол спорт түрімен жаттығады. Мәселен, 17 жасар Сағи мұнда саятшылық үйірмесіне қатысады. Жастайынан қанаттыларды қолға үйретумен әуестенген ол бұған дейін талай жарысқа қатысып топ жарған. Ендігі арманы өзі туған қаланың атынан топқа түсіп бас жүлде алу болатын.

"Орындар көп. Таразда жеңдім. Ақтауда жақында үшінші орын алдым. Қандай жарыс? Олда чемпионат. Енді жарысқа Арыстың атынан шығамызба деп жүргенде мектеп жабылады деп естіп қалдық қой", - дейді саятшылық үйірмесіне қатысушы Сағи Махмұтхан.

Мекеменің жабылуы тек жаттықтырушылар мен шәкірттердің ғана емес осында жұмыс істеп, жан бағып жүрген 28 қызметкердің де жігерін құм қылған. Мектеп болашағына алаңдағандар аудан әкімдігіне де барған. Ондағылар көрсеткіш нашар сондықтан жабылып жатыр деген уәж айтыпты. Бірақ, клуб басшылығы ол уәжбен келіспейді.

"Көрсеткішіміз жақсы. Барлық спорт түрлерінен облыста алғашқы үштіктен көрініп жүргенбіз мысалға. Спортта нәтижені 5 жылда сұрау керек. Бірақ біздің нәтиже жақсы", - дейді  "Арыс қаласының ұлттық және жекпе-жек спорт түрлері, аула клубы" КММ директоры Қанат Әділұлы.

Ал, ұлттық спортты ұлықтаймыз деп екі жыл алдын осы мектептің ашылуына ұйытқы болған аудан әкімі енді ешнәрсеге қарамай мектепті жабамын деп отыр. Айтуынша, бұл спорт клубы аудан бюджетіне айтарлықтай салмақ болған.

"Көкпар бойынша жылқыларды баптауға оларды ұстауға қаржының тапшылығына қарай ол түрі болмайды. Жылқыларды ұстау үшін жем-шөбін беру үшін қомақты қаражат талап етеді. Сондықтан бюджеттің қаржысын үнемді пайдалану үшін қысқартып отырмыз", - дейді Арыс ауданының әкімі Гүлжан Құрманбекова.

Аудан әкімінің айтуынша, нақ осы ұлттық спорт мектебін жабу арқылы айына 7-8 млн теңге үнемделетін көрінеді. Ұлттық спортты қолдауға қимаған сол қаражаттың қандай жыртыққа жамау болары әзірге белгісіз. Айтпақшы, аталған ауыл клубының жабылуынан спортқа құмар жандар ғана емес созылмалы сырқатқа шалдыққандарда зардап шекпек. Өйткені, клуб жабылса ем үшін келіп атқа мінетіндерге де есік жабылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу