Жалпы республика бойынша, 2 жыл ішінде 113 жаңа спорттық нысан салынады, деп жазады inbusiness.kz сайты ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Боранбайұлының мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Спорт саласын дамытудың стратегиялық бағдары — "Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы". Бұл құжат бірқатар жаңалықтарды, соның ішінде халықтың барлық жас топтары үшін спортты дамыту, спорт нысандарына қолжетімділікті арттыру, өңірлермен өзара іс-қимылды күшейту және спорт саласы бойынша жоғары жетістіктерді қамтиды.
"Спорт инфрақұрылымын дамытуға келер болсақ, бүгінде олимпиадаға дайындық базасының құрылысы аяқталуға жақын. Онда 2000-3000-ға жуық спортшы 23 олимпиадалық спорт түрінен жаттыға алады. Аталмыш нысан жыл он екі ай қызмет ететін болады.
Ал елордада Ұлттық спорт университеті құрылысы жүріп жатыр, 2025 жылы толық дайын болмақ. Бүкіл республика бойынша, 2 жыл ішінде 113 жаңа спорттық нысан салынады, 26 нысан қайта жөндеуден өтеді", — деп түсіндірді министр.
Сонымен қатар, биыл барлық спорттық нысандар материалдары түгенделді және тексеріс нәтижесінде қажетті заттар тізімі жасалады.