Жанкүйерлер 19 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Қазақстан ҰОК ресми сайты арқылы биыл үлкен жетістікке жеткен спортшы мен бапкерге дауыс бере алады, деп хабарлайды Olympic.kz.
Ұлттық Олимпиадалық комитет президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен спорттық жүлде биыл төртінші рет өткізілуде.
Жылдағы дәстүр бойынша, жүлде жеңімпаздарын жанкүйерлер анықтайды.
"2018 жыл отандық атлеттер үшін ірі жарыстарға толы болды. Халықаралық турнирлерден бөлек, биылғы жылдың басты бәсекесі – қысқы Олимпиада ойындары мен жазғы Азия ойындары және жасөспірімдердің жазғы Олимпиадасы өтті. Біздің спортшылар толағай табыстарымен қуантып, өз нәтижелерімен таң қалдырды. Биылғы жыл еліміздегі олимпиадалық отбасы мүшелерін біріктірген Ұлттық олимпиада комитеті үшін де маңызды. Дәстүрден айнымай, жыл қорытындысын Ұлттық спорттық жүлдені салтанатты табыстау рәсімінде жариялаймыз. Жүлде жеңімпаздарын анықтауды жанкүйерлерге тапсырдық", - дейді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Данияр Абулгазин.
Қазақстан ҰОК екі айға жуық уақыт ішінде олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық федерациялардан өтінім қабылдап, спорт дирекциясы үміткерлердің тізімін жасақтады.
Байқау 2018 жылдың 4 желтоқсаны күні Ұлттық спорттық жүлдені салтанатты түрде табыстау рәсімінде қорытындыланады. Жүлденің телевизиялық нұсқасын "Qazaqstan" және "Qazsport" арналары көрсетеді.