Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының бұйрығымен Әсел Шәуенова Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін ол өндіріс және қоршаған орта статистикасы департаментінің директоры қызметін атқарған.
Әсел Шәуенова Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "Қаржы және несие" мамандығы бойынша бітірген. Мемлекеттік қызметте 23 жылдан астам уақыт жұмыс істейді.
Негізгі еңбек жолын 2000 жылы Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің санақ бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. Одан әрі аграрлық сектор мен құрылыс жұмыстарының баға статистикасы, әлеуметтік талдау және конъюнктуралық жұмыс бөлімдерінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
2004-2018 жж – Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінде баға статистикасы бойынша бөлім бастығы, одан кейін басқарма бастығы, кейіннен департамент директоры лауазымына дейін көтерілді.
2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы Өндіріс және қоршаған орта статистикасы департаментінің директоры.
"Статистика үздігі", "Үздік мемлекеттік қызметші" төс белгілерімен және "Астана", "Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл" мерейтой медальдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.