Нұр-Сұлтанның қылмыстық ісер бойынша мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы директоры Рамазан Әлімқұловты пара алғаны үшін айыпты деп таныды.
Ол үш жарым жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетілді. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.
Ведомство таратқан мәліметтерге сүйенсек, Рамазан Әлімқұлов пара алу фактісі бойынша күдікке іліккен.
"Қонақ үй бойынша қызмет көрсету келісім шартын бұзбай, істелген жұмыстар актісіне қарсылықсыз қол қойып, заңсыздықтарды жасыру үшін 5 млн теңге пара алғаны үшін күдікке іліккен",– деді ведомствада.
Ұлттық тестілеу орталығын 2017 жылдан бері басқарып келген Рамазан Әлімқұлов биылғы жылдың көктемінде тұтқындалған болатын. Сол кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "шенеунік 2017-2018 жылдар аралығында делдалдар арқылы жүйелі түрде аса үлкен көлемде пара алып келген" деп хабарлаған.
Ал мамыр айында Білім және ғылым министрлігі "ҰТО басшылығы күдікке ілігіп отырған қылмыс ҰБТ-ны ұйымдастыруға қатысы жоқ" деп мәлімдеген.