Ұлттық тестілеу орталығының экс-басшысы параға шетелдік қымбат көлік алған

1470

Соңғы 3 жылда білім саласында анықталған сыбайлас жемқорлық салдарынан мемлекет 1,5 млрд теңгеге зиян шекті. 

Ұлттық тестілеу орталығының экс-басшысы параға шетелдік қымбат көлік алған

Соңғы 3 жылда білім саласында анықталған 620 сыбайлас жемқорлық фактісінен мемлекет 1,5 млрд теңге зиян шекті. Тексеріс барысында заңға қайшы әрекетке барған 364 тұлға әшкереленді. Оның 57- сі мектеп директоры, 10-ы колледж директоры, 22- сі балабақша меңгерушісі болды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалиннің баяндауынша, осы аптада ұлттық бюро білім және ғылым министрлігіне қарасты "Ұлттық тестілеу орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны басшыларының сыбайлас жемқорлық схемасының жолын кесті.

Ұлттық тестілеу орталығын 2016 жылы басқарған тұлға білім жүйесіне  байланысты мемлекеттік сатып алуларды жүргізу барысында үлестес компаниялардың мүддесін лоббилендіргені үшін бағасы 9 млн теңгеден асатын "Тойота-Камри" автокөлігі түріндегі пара алды деп күдіктелуде. Автокөлік түріндегі пара заты тәркіленді және күдікті қамалды. Осыған ұқсас заңсыз әрекеті үшін 2017-2018 жылдар аралығында делдал арқылы жүйелі негізде аса ірі көлемде пара алған ұлттық тестілеу орталығын 2017 жылдан қазіргі уақытта дейін басқарған бас директорға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот санкциясы бойынша күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Аталған тұлғалардың кінә дәрежесі сотпен анықталады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу