Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың үлесін арттыру үшін қандай шара қолданылатынын айтты.
"Қаржы нарығын теңгерімді дамытуды қамтамасыз ету және Қазақстанға шетелдік капиталды тарту жұмысы аясында Ұлттық банк қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, 2020 жылғы 1 шілдеге дейін валюталық тәуекелдерді хеджирлеудің нарықтық инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныс енгізеді. Бұл қаржы ұйымдарының балансындағы валюта қаражатын экономиканы ұлттық валютада кредиттеуге жұмсауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шетелдік инвесторларды валюталық тәуекелдерден қорғау құралына айналады. Нәтижесінде негізгі капиталға инвестициялар көлемін ІЖӨ-нің 30%-на дейін жеткізуге ықпал етеді", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ерболат Досаевтың айтуынша, қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың үлесін арттыру үшін Ұлттық банк қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және үкіметпен бірлесіп, 2020 жылғы 1 қазанға дейін Ұлттық төлем жүйесін дамыту бағдарламасын әзірлейді.
"Ұлттық төлем жүйесі барлық мүдделі тараптарға тиімді болады", – деді ол.
Қанат Махамбет